• RU
  • KZ
  • EN

Көрнекі жерлер

Ұлан ауданының көптеген мектептері, ауыл, көше атаулары Қасым Қайсенов, Төлеген Тохтаров, Ізғұтты Айтықов сияқты атақты батырларының атымен аталған.

Қасым Қайсенов

Қасым Қайсенов
Қазақстанның халық қаһарманы, жазушы, партизан, полковник
Қасым Қайсенов 1918 жылдың 23 сәуір күні Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Асубұлақ ауылында, кедей шаруа семьясында дүниеге келген. 1935 жылы он жеті жасында Өскеменге келіп саяси -ағарту техникумын бітіріп, 1937 жылы семья құрған. 1938 жылы Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспектор болып қызмет істеген.
1940 жылы Қызыл Әскер қатарына шақырылды.
1953-1970 жылдары Қазақстан жазушылар Одағының редакторы және «Жазушы», «Қайнар» баспалары директорларының орынбасары болып жұмыс атқарды.
Партизандық өмір жолын, қарулас жолдастарының қаһармандығын бейнелейтін "Жас партизандар" (1954), "Ажал аузында" (1959), "Жау тылындағы бала" (1961), "Жау тылында" (1973), "Партизан соқпақтары" (1978), " Переяслав партизандары" тәрізді т.б. көптеген шығармалар жазды. 
Жазушы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктері үшін Ұлы Отан соғысының бірінші дәрежелі орденімен, Богдан Хмельницкий орденімен және көптеген медальдармен марапатталған. 1995 жылы Қасым Қайсенов -Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Халық Қаһарманы – Ұлттық батыры болып атанған. Қасым Қайсенов есімімен Ұлан ауданы Ізғұтты Айтықов ауылының орта мектебі аталған.

   
Төлеген Тохтаров Төлеген Тохтаров
Төлеген Тохтаров (1920-1942 ж.ж.) - Совет Одағының Батыры. Төлеген Тохтаров Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Қарақұдық ауылында дүниеге келген. Қазақ батыры Лининогор қаласының (қазір Толеген Тохтаров атында) № 10 қазақ мектебінде оқыған. Толеген жастық шағынан бастап адалды, өз шешімдеріне нақты жауап беретін, өз сөзінен айнымайтын, өзіңе және құрбыларына қатал адам болған. Москва қаласының генерал Панфилов атындағы 8-ші Гвардиялық дивизиясының автоматшылар ротасында қызметін атқарып жүрген кезінде, өзінің батылдығын, тапқырлығын, ерлігін көрсетті.
Ол өзінің еңбек жолын рафинаттау цехында бастаған болатын. Осы ұжымынан 1941 жылы майданға аттанды. 1942 жылдың 9 ақпанында Толеген Тохтаров Бородино шайқасында қаза тапты. Пулеметші Толеген Тохтаровтың батырлығы бүкіл ротаға мәртебе болды. Оның батыл жүрегі, Отанына деген оттай махаббаты дивизиядағы жауынгерлеріне үлгі болды.
Қазақ халқының батырына айналған Толеген Тохтаровтың есімімен Ұлан аудынының  ауылдық округі мен Донское ауылындағы орта мектебі аталған.
   
Ізғұтты Айтықов
Совет Одағының батыры Ізғұтты Айтықов 1926 жылы Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданының Тарғын ауылында дүниеге келген. 1942 жылы Ізғұтты Айтықов майданға шақырылды. Жауынгерлік тапсырмаларды ойдағыдай етіп орындағаны үшін Қызыл Жұлдыз, I және II дәрежелі Даңқ ордендерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталды. 22 маусымда Ізғұтты Айтықовқа Совет Одағының Батыры атағы берілді.
Совет Одағының батыры Ізғұтты Айтықовтың есімімен Ұлан ауданының Тарғын ауылдық округінің ауылы және орта мектебі аталған. Ізғұтты Айтықовтың жерлесі Талаптан Иманбаев батырдың скульпторлық портретін әзірлеп, Тарғын ауылының орта мектебіне сыйлады. Қазақ халқының айнымайтын батыры жерлестерінің есімдерінде мәңгілікте.
Ауған жауынгерлері

Буньков Анатолий Иванович 1947-1980 ж.ж.,
(пп 82869 ә/б прапорщигі)
Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы, Манько ауылында 1947 жылы 26 желтоқсанда туған.
1966 жылы 11 қарашада әскер қатарына шақырылды.
Әскерден кейін Өскемен қаласының Титан-магний комбинатында жұмыс істеді. 1973 жылы 13 желтоқсанда Таврия АӘК-нан шұғыл-әскери қызметке шақырылды.
1980 жылы 16 сәуірде интернационалдық борышын өтеуге Ауғанстанға аттанды.
1980 жылдың 30 қазанында Ауған соғысында қаза тапты.
1980 жылы 3 қарашада танытқан ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен қаза тапқаннан кейін марапатталды.
1980 жылы 6 қарашада ШҚО Таврия ауданы Басово ауылында жерленді.

   
Котельник Сергей Федорович 1961-1980 ж.ж.,
(пп 53701 ә/б қатардағы жауынгері)
1961 жылы 10 қазанда Украина КСР Киев облысы Белая Церковь ауылында туған.
Мектепті ШҚО Ұлан ауданы Васильевка ауылында бітіріп, Өскемен қаласындағы № 20 ОКТУ-на түсті.
1980 жылдың 10 мамырынды Өскемен ҚӘК-нан әскер қатарына шақырылды.
1980 жылдың қазан айында Ауғанстанға жіберілді.
1980 жылдың 12 желтоқсанында Ауған соғысында Турбат тауының өңірінде қаза тапты.
1980 жылдың 31 желтоқсанында ШҚО Ұлан ауданы Васильевка ауылында жерленді.
1981 жылдың 23 қарашасында танытқан ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен қаза тапқаннан кейін марапатталды.
   
Казаченко Александр Николаевич 1963-1982 г.г.,
(пп 51863 ә/б рядовой)
1963 жылы 1 қаңтарда ШҚО Өскемен қаласында туған. Мектепті Ұлан ауданы, Асубұлақ кентінде бітіріп, автокөлік жүргізушісі болып істеді.   
1981 жылы 2 сәуірде Ұлан АӘК-нан әскер қатарына шақырылды. 1982 жылдың 16 қаңтарында интернационалдық борышын өтеуге Ауғанстанға аттанды.
1982 жылы 3 қарашада Ауған соғысында қаза тапты.
1982 жылы 25 қарашада ШҚО, Ұлан ауданы Асубұлақ кентінде жерленді.
1989 жылы 1 қарашада танытқан ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен қаза тапқаннан кейін марапатталды.
   
Қожанов Мұрат Озанович 1953-1984 ж.ж.,
(пп 82869 ә/б майор, штаб басшысы, МСБ командирінің орынбасары)

1953 жылы 12 сәуірде ШҚО, Таврия ауданы, Привольное ауылында туған.
1970 жылы мектепті Привольное ауылында бітірген. 1974 жылы Алматы қаласында маршал Конев атындағы жоғары офицерлік училищесін бітірді.
1983 жылы интернационалдық борышын өтеуге Ауғанстанға аттанды.
1984 жылы 17 қыркүйекте Ауған соғысында қаза тапты. 1984 жылы 22 қыркүйекте туған ауылында жерленді.
АДР-на көмек көрсетуде Интернационалдық парызын өтеу кезінде танытқан ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің
Президиумы Үкімімен 18.02.1985 ж. (№ 374864) «Қызыл жұлдыз», 05.04.1985 ж. (№ 484805) «Қызыл Ту» ордендерімен қаза тапқаннан кейін марапатталды.
   
Латкин Евгений Петрович 1950-1981 ж.ж.
(пп 71184 ә/б дәрігері, аға лейтенанты, полк медицина қызметінің бастығы)

1950 жылы 30 қаңтарда Алтай аймағы, Солоношенский ауданы, Мульчиха ауылында дүниеге келген.
1967 жылы Семей қаласының №2 орта мектебін бітіріп, 1968-1970 ж.ж. шекара әскерінің қатарында қызмет етті. 1974 жылы семей қаласының медициналық институтіне түсті. Әскери медицинаға қызмет ету шешімін қабылдап, Томск қаласының медицина институтына ауысады. 1980 жылы Томскідегі әскери-медициналық институтін бітіріп КСРО Әскер қызметіне шақырылды.
1981 жылы мамыр айында АДР-на интернационалдық борышын өтеуге аттанды.  
1981жылы 28 шілдеде Ауған соғысында қаза тапты, 9 тамызда ШҚО, Ұлан ауданы, Белая гора кентінде жерленді. 1982 жылдың 4 ақпанында танытқан ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен қаза тапқаннан кейін марапатталды.
   
Ларионов Александр Васильевич 1958-1984 ж.ж.,
(пп 17668 ә/б капитаны, 2 класс әскери ұшқышы)

1958 жылы 23 қыркүйекте ШҚО,Таврия ауданы, Новоявленко ауылында туған. 1975 жылдың шілдесінде ШҚО, Тавриалық АӘК-нан әскер қатарына шақырылды. 1979 жылы Саратов қаласының авиациалық жоғары әскери училищесін бітірді. 1983 жылдың 16 қаңтарында АДР-на интернационалдық борышын өтеуге аттанды.  
Ауғанстан халқына әскери көмек көрсетуде танытқан батырлығы мен ерлігі үшін 1983 жылдың 3 наурызында «КСРО ӘҚ Отанына көрсеткен қызметі үшін» орденімен марапатталды. 1984 жылдың 6 маусымында Ауған соғысында қаза тапты. ШҚО Таврия ауданы Новоявленко ауылында жерленді.
1985 жылдың 18 ақпанында танытқан ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен қаза тапқаннан кейін марапатталды.
   
Ахметов Базылбек Советханович 1963-1982 ж.ж.,
(пп 93992 ә/б қатардағы жауынгері)
1963 жылы 1 қаңтарда ШҚО Таврия ауданы Тас-Өткел ауылында туған. Отрадное ауылында 10-шы сыныпты бітіріп, Таврия ауылындағы орта кәсіптік-техникалық училищесіне түсті.
1981 жылдың 17 қазанында ШҚО Тавриялық АӘК-нан әскер қатарына шақырылды. 1982 жылдың 19 наурызында АДР-на интернационалдық борышын өтеуге аттанды.  
1982 жылдың 25 қыркүйегінде Ауған соғысында қаза тапты.
1982 жылы 2 қазанда туған ауылында жерленді.
1983 жылдың 3 наурызында танытқан ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен қаза тапқаннан кейін марапатталды.
   
Қондыбаев Қайрат Қапанович 1965-1985 ж.ж.,
(пп 88997ә/б қатардағы жауынгері)

1965 жылы 28 шілдеде ШҚО Таврия ауданы Ахмерово ауылында туған. Мектеп бітірісімен № 71 орта кәсіптік-техникалық училищесіне түсті.
1984 жылдың 5 мамырында ШҚО, Тавриялық АӘК-нан әскер қатарына шақырылды.
1984 жылдың 19 тамызында АДР-на интернационалдық борышын өтеуге аттанды.  
1985 жылдың 30 қаңтарында Ауған соғысында қаза тапты.
1985 жылдың 8 ақпанында туған ауылында жерленді.
1985 жылдың 20 шілдесінде танытқан ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен қаза тапқаннан кейін марапатталды.
«Ұлы Отан соғысының ардаргерлері»
Хамза Мухамадиев Хамза Мухамадиев
1907 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Тарғын ауылында дүниеге келеген.
Майданда 1943 жылдың мамыр айынан бастап болған. 70-ші гвардиялық Қызылтулы атқыштар дивизиясының 245-ші гвардиялық атқыштар полкі атқыштар взводы командирінің көмекшісі болып соғысты.
Полк 1943 жылдың жазында Курск иініндегі Самодуровка ауданында ұрыс жүргізіп жатты. Х.Мухамадиев дұшпанның үш «жолбарысын», бес орташа танкін қиратты, 60-тан астам солдаты мен офицерінің көзін құртты.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 27 тамыздағы Жарлығымен сержант Х.М.Мухамадиевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
   
Иван Варепа Иван Варепа
1910 жылы Семей облысы (қазіргі ШҚО) Перьятенка ауылында дүниеге келген. Майданда 1943 жылғы тамыз айынан бастап болған. Орталық, Сталинград, Украин, 2-ші Белорус майдандарындағы шайқастарға қатысқан. 1943 жылғы қыркүйекте Днепр өзенінен өткенде көзге түсті. Гвардия кіші сержанты Варепа жау жаудырған оқ астында алғашқылардың бірі болып оң жағаға өтіп шықты. Ленин, Александр Невский ордендерімен марапатталған. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 15-қаңтардағы Жарлығымен И.И.Варепаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Армия қатарынан босағаннан кейін туған ауылына оралды.
   
Серікқазы Бекбосынов Серікқазы Бекбосынов
1925 жылы Семей облысы (қазіргі ШҚО) Абай ауданының Қызылорда ауылында дүниеге келген. Майдан шебінде 1943 жылғы қаңтар айынан бастап болған. 7-ші армияның 99-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында ержүректілікпен соғысты. Свирь өзенінен өту кезінде ерекше көзге түскен. С.Бекбосынов арасында болған 12 ержүрек жауынгердің батыл іс-қимылдары арқасында Карелия майданы командованиесінің алдында қойылған тапсырма ойдағыдай орындалған екен. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 21-маусымдағы Жарлығымен С.Бекбосыновқа кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Армия қатарынан босағаннан кейін Шығыс Қазақстанға оралып, еңбек етті.
   
Степан Николаевич Борозенец
1922 жылы Таврия ауданы Ақтөбе ауылында дүниеге келген. 9 класс бітіргеннен кейін, байланыс техникумына оқуға түсіп Семей аэроклубында шұғылданды. Қабілетті курсантты Орынбор қаласының авиация училищесіне оқуға жібереді. Сол кезде Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Оқу бітіргеннен кейін лейтенант Борозенец училищеде нұсқаушы болып қалтырылады, тек бірнеше рапорттардан кейін 1944 жылы С. Н. Борозенец майданға жіберіледі. Ол 1-і және 2-і Белорус майданында соғысқа қатысты. 1944 жылы 24 маусымда бірінші жауынгерлік ұшып шығу кезінде дұшпанның оқ құралдарын жою бойынша тапсырманы орындап 2 қару және 10-ға жуық солдаттар мен офицерлерді жойды. Сол күні ол тағы 3 рет майданға шығып 2 автомашина мен жаудың зениттік батареясын жойды. 1944 жылғы тамыз айында ауыр бомбардировщиктер бөлімшесінің алдында неміс штабын жою жауынгерлік міндет тұрды. Немістердің зениттік артилериясы қалың соққы жасаса да Борозенец пен пилоттар мақсатқа жетіп тапсырманы нәтижелі орындады. Грабау маңында дұшпан истребительдерімен шайқаста Борозенецтің ұшағы оққа ұшырады. Аспап тақтайы мен биіктік рулі зақымдалды. Бірақ ұшақты басқару қиындақтарына қарамастан ұшқыш машинаны өз аэродромына алып келді. Бір жылдан аз уақытта 569 қарбалас авиациялық полкының бөлім командирі лейтенант Борозенец 94 жауынгерлік ұшу жасады, бекініс белдеулерін жару және Бобруйск маңындағы қоршаған жау топтамасын жою операцияларына, дұшпанның Шығыс-Пруссия топтамасын талқандауда, Данциг-Гвеньдік операциясына қатысып, батыс жағалаудағы дұшпанның бекініс белдеулерін бұзып өтіп, 3 танк, 6 паровоз, 120-ға жуық вагон, 84 машинаны жойып, зениттік және дала артилериясының 36 батареясының отын басты, 9 жанар-жағар мен оқ-дәрі қоймасын жарып, 1250 содаттар мен офицерлерді жаралап өлтірді. 1945 жылғы 18 тамызда С. Н. Борозенец Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
   
Трофим Михайлович Клименко


1919 жылы Таврия ауданы Украинка ауылы шаруа-кедейдің отбасында туды. Ушанов атындағы Өскемен мектебінің 7 классын бітіргеннен кейін 1937 жылы Алматы темір жол техникумына оқуға түсті. Келесі жылы әскер қатарына шақырылып жаяу әскер училищесіне оқуға жіберілді. 1941 жылғы маусым айында ол лейтенант шеніне ие болды. 1941 жылғы тамыз айынан бастап майданда 5 рет жарақаттанды. Атқыштар взводының командирінен батальон командиріне дейін өсті. Мәскеудің қорғанысы, Сталинград және Орел-Курск доғасы астындағы шайқастар, Польшаның азаттығы – гвардия майоры Клименконың майдандық өмірінің хроникасы осындай. 1944 жылғы тамыз айындағы шайқастарда Клименконың батальоны батысқа қарай 300 км. астам жол жүрді. Жүзден астам елді-мекендердің, бірқатар қалалардың азаттығына қатысты. Сол адамның команда беруімен батальон жауынгерлері Батыс Бугта, Сан мен Вислуда нәтижелі соғысып өтті. 1 тамызда 10-ы гвардиялық-атқыштар полкы, Ровен Қызыл Ту дивизиясының 6-ы Гвардиялық-атқыштары Вислада соғысып өтіп, Сандомирский плацдармын жаулап алды. Батырлығы, ерлігі, командирлік іскерлігі үшін гвардия майоры Т.М.Клименко 1944 жылғы 22 қыркүйекте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Соғысты Прагада аяқтады. Соғыстан кейін Клименко көп жылдар бойы жас жауынгерлерге білімі мен тәжірибесін беріп Кеңес Әскері қатарында қалды.
   
Николай Евсеевич Лут
Днепр өзенінің оң жақ жағасындағы платцдармды басып алудағы көрсеткен ерлігі үшін Таврия ауданының Митрофановка ауылының тумасы аға сержант Н. Е. Лутқа 1944 жылғы 15 қаңтарда ССРО Жоғарғы Кеңесі Президентінің Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1943 жылғы 27 қыркүйекте түнде өзеннің бекінісін алу қажет болды. Кешке партия жиналысы өтті. Аға сержант Лут шайқас алдында патрияға өтку туралы өтініш берді. Онда мынандай сөздер болды: «Ешқандай қиыншылықтар бізге түнде Днепрдің оң жақ жағасында болуға кедергісін тигізе алмайды. Біз онда өмірімізді қисақ та боламыз. Рота коммунистерінен мені өз қатарларына алуды сұраймын». Коммунистер бір дауыстан оны партияға алуды шешті. Түнде олар өзеннен өтіп, жағаға қарай ұмтылды да атакаға барды. Лут дұшпан траншеясына бірінші болып кірді. Қол күресі басталып кетті. Гитлерліктер шыдамай қашты. Бірақ біраз уақыттан кейін дұшпан қарсы шабуылға көшіп, автоматшыларды траншеяда гранатамен жармақшы болды. Лут осында да батылдығын көрсетіп дұшпанның жарылмаған гранаталарын алып қарсы шабуылшыларға лақтырды. Луттың ісіне басқа жауынгерлер де қосылды. Жданов атындағы колхоздың бұрынғы жылқышысы жеңіске дейін жеткен жоқ.. Ол 1944 жылғы 14 сәуірде 26 жасында ерлікпен қаза тапты.
   

Кушанов Төлеухан Байниязұлы (1917-2007 жылдар), Ұлы Отан соғысы ардагері
Кушанов Төлеухан Байниязұлы 1917 жылы 01 қаңтарда Ұлан ауданы Жаманал ауылында дүниеге келген. 1926 жылы Төлеухан Кушанов мектепке барып, 3 сыныптық білім алып шығады. 1933-1938 жылдары Кушановтар әулеті Ұзын-Бұлақ қыстауына көшіп барып,  Киров атындағы колхозда жылқышы, қойшы болып жұмыс істеген. 1939 жылы Киров аудандық әскери комиссариятымен әскер  қатарына шақырылып, жаяу әскердің   120-шы атқыштар полкында атқыш болады, ол кезде 22 жаста болған. 1941 жылы Т.Кушанов Смоленск майданына өз еркімен аттанып, 88 атқыштар полкының құрамында қалалар мен ауылдарды азат ете отырып  соғыс жолын өтті. 1943 жылы Калининград жаяу әскерінің кезекті бір шабуылында Т.Кушанов оң аяғынан ауыр жарақат алып, емделуге госпитальға  жіберіледі. Жазылып шыққан соң өз дивизиясына қайтып оралады. 1945 жылы шайқаста контузия алып, ауруына байланысты әскери қызметтен босатылып отбасына оралды. Ұлан аудандық әскери комиссариаты комиссиясының куәландыру арқылы мүгедек деп танылып, әскери міндеттен босатылды. Сол жылы Т.Кушанов 1924 жылы туылған Елеукенова Нұрғаныммен жанұя құрды. Төлеухан колхоздағы жұмысын ары қарай жалғастыра берді.1982 жылы зейнеткерлікті ресімдегеннен кейін Т.Кушанов тағы да 16 жыл жұмыс істеді. Еңбек кітапшасындағы жазбалар 1982 жылдың 12 мамырына дейін жүргізілген. Соғыс жылдары көптеген шайқастарға қатысып, әскери борышы үшін Т.Кушанов II дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, Совет Одағы Маршалы Г.К.Жуков атындағы медальмен, «Еңбек ардагері» медальмен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 40 жыл», 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 55 жылдығының құрметіне 1941-1945 ж.ж. «Соғыс ардагері» Белгісі, «КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл», құрмет грамоталарымен, алғыс хаттар мен ашық хаттармен марапатталды. 29 наурыз 2007 жылы Т.Кушанов қайтыс болды, Ұлан ауданы Молодежный кентінде жерленді.

Біздің замандастар

 

Булат Агзамович Багадаев
Жерлесіміз Булат Агзамович Багадаев 1961 жылдың 6 сәуірінде мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Тарғын ауылының тумасы. 1978 жылы Тарғын ауылындағы Айттықов атындағы орта мектебін бітірді. Екі жоғары білім дипломдарының иесі. 2001 жылы докторлық диссертацияны қорғады. 1996 жылдан - «Топаз» компаниясының басшысы.
2006 жылдан – «Топаз» геологиялық барлау компаниясының бас директоры, ғылым докторы. Өскемен қаласының тұрғыны.
Тарғын ауылдық округі бойынша «Туған жерге тағзым» акциясы аясында   
2011 жылы Булат Агзамович Багадаев 3 млн. теңгеге көпшілікке арналған 3 құдық (1 - Айтықов ауылына, 2 - Тарғын ауылына) қазып, пайдалануға берді, және Тарғын ауылындағы Айттықов атындағы орта мектепке 250 мың теңгенің музыкалық орталығын сыйлады.
2013 жылы Манат ауылындағы Ақжолов атындағы негізгі мектептің құдығын жөндеуге көмектесіп, 100 мың теңге жұмсады.
2015 жылдың көктемінде Тарғын ауылының тұрғыны, жалғыз басты, зейнеткер Абидавай Санағаның тұрып жатқан 2 бөлмелі үйін 750 мың теңгенің құрал-жабдықтарын сатып әкеліп, толығымен жөндеп берді.

   
Заки Ахметов

Зәки Ахметов

(1928-2003) – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Тазқұланбай тауының баурайындағы Балғабай ауылында 1928 жылы 4 мамырда дүниеге келген. Ахметов - әдебиетші, ғалым, педагог. 1952 жылдан КПСС мүшесі. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (1947). Филология ғылымының докторы (1965), профессор (1966). Абай өлеңдерінің текстологиялық жұмысына, қазақ мектептері үшін орыс әдебиетінен оқулық, қазақ әдебиеті тарихын жазысуға қатысты. Әсіресе қазақ және орыс әдебиеттерінің байланысы, қазақтың өлең құрылысы жайында жазған еңбектерінің маңызы зор. Ол Лермонтовтың, Пушкиннің Абайға әсерін арнайы зерттеді («Лермонтов и Абай», 1954). Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасып дамып келе жатқан ақындық өнерінде ұлттық, тілдік өрнек, жүйе барын, сол ерекшелік кеңес дәуірінде кең дамып отырғанын, өлең өрнектеріндегі ырғақ, ұйқас, шумақ, буын бунақтарды ғылыми негізді дәлелдеді. Зәкең қазақтың поэтикалық тіліндегі ұлттық бейнелік сипаттарды зерттеумен де шұғылданды («Казахское стихосложение», 1965 т.б). оның еңбектері тек республика көлемінде ғана емес, одақтық баспа орындарында да басылап жүр.

   
Зейнолла Самашев

Зейнолла Самашев
Тарих ғылымдарының  докторы, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері. «Қазақ тарихы» журналының ақылдастар кеңесінің мүшесі – Зейнолла  Самашев.
Ғалымның  зерттеу нысаны – археология, Қазақстанның ерте және орта ғасырларындағы монументальды өнері және тарихы, этнология. 10-нан астам монография мен 100-ден астам ғылыми мақалалардың авторы.
1998 жылы 25-шілде мен 6-қазан аралығында  Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының Берел қорымында қазақ-француз біріккен археологиялық экспедициясы жүргізген қазба жұмыстары еді. Ежелгі Берелдіктердің ғажайып мәдениетін зерттеу - төл тарихымыз үшін маңыздылығы күн санап арта түсуде. Бугінгі халықаралық Берел экспедициясының жетекшісі ғалым Зейнолла  Самашев  болып   табылады.
Археолог-ғалым Зейнолла Самашевтің    басшылығымен  Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы Сарайшық қаласының ортағасырлық ірі қолөнер, сауда орталықтарының бірі екендігіне дәлел боларлықтай мол жәдігерлер тапты.
Тарихи-археологялық ескерткіштердің бірі – «петроглифтер» (тастағы жазу). Жартас суреттері, бір жағынан, адамзат ұрпақтарының рухани өмірін көрсететін өзінше бір өнер туындысы, яғни «ашық аспан астындағы галерея» болса, ал екінші жағынан, өткен дәуірлер мен қоғамдар тарихы үшін бірден-бір дерек көзі болып табылады. Қазақстанда 150-ден астам жартас суреттерінің жиынтық орындары белгілі болып отырғанын Зейнолла Самашевтің ғылыми еңбектерінен білеміз.

   
Какен Аханов

Какен Аханов
Аханов Кәкен (1928-1978 жж.) – Ұлан ауданының Бозанбай ауылында мұғалім отбасында дүниеге келген. Бар – жоғы елу жылдық ғұмырында артына өшпес із қалдырған жерлесіміз ғылымның қия жолында талмай еңбек етті.
Кәкен Аханұлы 1956 жылы кандидаттық, 1966 жылы докторлық диссертация қорғады. 1969 жылы оған профессор атағы берілді 1975 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті болып сайланды. 1977-1978 жылдары алматы шет тілдері институтының ректоры болып істеді.
Филология ғылымының докторы, профессор Кәкен Аханов қазақ лингвистикасының тарихына бірінші болып «Тіл білімдерінің негіздері» атты монографиясын жазды. Бұдан кейінгі еңбегі «Тіл біліміне кіріспе» кітабы 1965 жылы жарық көрді. Бұрын да ертеректе жазылған «қазақ тілі лексикасының мәселелері» мен «Қазақ тіліндегі омонимдер» атты кітаптары күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ.
Жерлес ғалым-ағамыз туралы көптеген ғылыми мақалалар жазылды. Қазақ Кеңес энциклопедиясында профессор К.Ахановтың өмірі мен шығармашылығы туралы кең мағлұмат берілген. Оның есімін ұландық жерлестері де ұмытқан емес. Бүгінде Алғабас ауылындағы орталау мектеп профессор Кәкен Ахановтың есімімен аталған.

   
Куляш Кунантаева

Куляш Кунантаева
Қазақ Ұлттық Академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. 1931 жылы наурыз айының 4-де Ұлан ауданы Шымқора ауылында дүниеге келген. 1952 жылы Қазақтың қыздар педагогикалық институтын бітіргеннен кейін, 1952-1954 жылдары Алматы облысы Жамбыл ауданы Октябрь орта мектебінде мұғалима; 1954-1956 жылдары – Алматы облыстық комсомол комитетінің хатшысы; 1959-1964 жылдары – Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің хатшысы; 1964-1967 жылдары – ҚазССР-ның жоғары және арнайы орта білім министрінің орынбасары; 1967-1968 жылдары – Алматы шет тілдер педагогикалық институтының оқу ісі проректоры; 1968-1984 жылдары – Қазақ қыздар педагогикалық институтының ректоры. 1984 жылдан осы институттың профессоры. Негізгі ғылыми-зерттеу бағыты: а) халық ағарту ісінің тарихи проблемалары; б) Қазақстан әйелдерінің білімін жетілдіру.
Күләш Құнантайқызы – мемлекет және қоғам қайраткері – 1975-1985 жылдар. ҚазССР Жоғары Кенесінің депутаты. Қазір Алматыда тұрады, Қазақстан Республикасының дербес зейнеткері.

 

   
Сарсен Аманжолов

Сарсен Аманжолов
27.12.1903-28.01.1958) – қазақ филологиясының көрнекті қайраткері, қазақ совет тіл білімінің негізін салушылардың бірі, белгілі түрколог, филология ғылымының докторы (1948), профессор (1948), Қаз ССР ҒА–ның корреспондент мүшесі (1945). Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Егінсу деген жерінде кедей отбасында туған. 1930 жылы Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген. 1931 жылдан бастап Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында 20 жылдай қазақ тілі кафедрасын басқарған. Қазақтың Ұлт мәдениетін зеттеу институтында (1934-36) ғылыми хатшы болып, ауыз әдебиетінің бірқатар таңдаулы нұсқаларын жинап бастырған. СССР ҒА Қазақстан филиалының Тіл әдебиет секторында (1937-42), Қаз ССР ҒА Тіл-әдебиет институтының Академиялық сөздік, терминология бөлімдерінде (1946-58) меңгеруші. Ұлы Отан соғысы жылдары ұлт жауынгерлері арасында үгітші (1942-44), Совет армиясының Жоғары Саяси Басқармасында (1944-46) жауапты қызметкер, «Қызыл Армия» үгітшісінің блокнотында (1944-45) аудармашы әрі редактор. Қаз. ССР Саяси және ғылыми білімдер тарату қоғамының президиум мүшесі және әдебиет секциясын басқарушы (1948-58). Аманжолов Қазақстандағы оқу-ағарту қайраткерлерінің бірі. Сауатсыздықты жоюға арналған оқу құралдарынан (1931) бастап, мектептер мен жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтар және программалар жасауға тікелей қатысты, ана тілін оқытуды ғылыми жолға қоюға елеулі үлес қосты. Қазақ тілі білімінде Аманжолов зерттемеген сала кемде-кем. Тілдің тарихы мен диалектологиясынан бастап орысша-қазақша сөздіктер, терминология, грамматика, орфография мәселелері оның тікелей қатысуымен жүйеге түсті. Жаңа алфавит пен орфографияның Аманжолов жасаған жобасы Қаз. ССР Жоғарқы Советінің 5 сессиясында (1940) қабылданды. Ол әсіресе синтаксис теориясына ерекше көңіл бөлді. Сөз таптарының сөйлем мүшесі болу шарттары, интонация, оқшау сөздер, шақ пен жаққа қатысты синтаксистік категориялар, құрмалас сөйлемнің пайда болу жолдары, үйірлі мүше т.б. жайында тың қорытындылар жасады. «Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқа курсы» (1940) дейін еңбегі 1950 жылдардың басына дейін студенттердің бірден-бір оқу құралы болып келеді. Аманжолов маркстік-лениндік ілімге сүйене отырып, қазақ диалектологиясының негізін салады. Тілдегі диалекттілік ерекшеліктерді жинап-зерттеуді (1937-38) ұйымдастырып, диалектілердің даму сипаты, айырым белгілеті, тайпалық тілдермен байлансы, ұлттық әдеби тілдің диалектілік негізі сияқты аса күрделі мәселелерге тұжырым жасады. Диалектілерге халық, тіл тарихы тұрғысынан қарап, олардың қоғамдық сипатын ашты. Қазақтың халық тілі мен әдеби тілінің өзекті мәселелерін зертеп, соған пікірлер айтты. Ұлттық жазба әдеби тіл тарихын 19-ғ-дың 2 жартысынан бастап, Абайдың халық тілін пайдаланудағы шеберлігін, сөз қолданудағы жаңа үлгісін талдап көрсетті. «Вопросы диалектологии и истории казахского языка» (1959) атты монографиясы түркология саласында елеулі табыстардың бірі ретінде бағаланды. Шығармалары: Төрт жылдық кітабы (редакциясын басқарған), 1932; Бөгенбай (жинап бастырған және алғы сөзін жазған), 1935; Қазақ совет фольклоры, А.., 1935; Қазақ тілінің грамматикасы. Морфология, 1938-39 Қазақ тілі грамматикасы. Синтаксис, 1939-69 (негізгі авт,); Жұмбақтар (құрастырған) А.., 1940; Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі (ред.басқарған), 1941; Орысша-қазақша әскери сөздік, 1942; Қазақ әдеби тілі, 1949; Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы, 1-бөлімі, 1950; Русско-казахский словарь в 2-х т.., А.-А., 1946 (құрастырушылардың бірі).

   
Шериаздан Елеукенов

Шериаздан Елеукенов
1929 жылы 3 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы, Аршалы ауылында туған.
Қаз МУ-дің журналистика бөлімін бітірген. 1951-1959 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінде істейді. 1963 жылы КОКП Орталық  Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясы әдебиет теориясы бөлімінің аспирантурасында «Қазақ романы және қазіргі заман» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғайды. 1968 жылы «Казахский роман и современность» атты монографиясы жарық көрді.
1967-1971 жылдары партия қызметінде, 1971-1986 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік  комитетінің  төрағасы  болды.     1986 - 1988  жылдары Қазақ  КСР ҒА-сында
М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметін атқарды. Ш. Құдайбердиев, М. Жұмабаев, А. Байтұрсынов,                      М. Дулатов, Ж. Аймауытовтардың өмірі мен шығармашылығы туралы «Жаңа жолдан» («С новой строки») атты кітап жазып жарыққа шығарды. (1989). 1989 жылы «Қазақ романының идеялық-көркемдік және жанрлық ерекшеліктері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. «Казахский роман и современность». «Замандас парасаты», «От фольклора до романа-эпопеи», «Әдебиет және ұлт тағдыры» (1997), «Сұлулыққа іңкәрлік» (1999) атты кітаптары, «Әттең дүние»романы (2002) мен «Мұхаметжан-Мархума» (1998) атты деректі повесі, «Кітаптану негіздері» (1997), «Қазақ кітабының тарихы» (Ж. Шалғынбаевамен бірге, 1999) оқулықтарын, «Мағжан Жұмабаев» (1999) кітапшасы және мектеп оқушыларына арналған «Мағжан Жұмабаев» атты (1991) оқулықтары жарық көрді. «Мағжан» монографиясы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақ ПЕН клубының Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық сыйлығының иегері.
Көркем публицистикасы үшін Ш. Елеукеновке Қазақстан Журналистер одағының Смағұл Сәдуақасов атындағы сыйлығы берілген. «Емтихан» атты сатиралық комедиясы Абай атындағы Жамбыл облыстық және Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрларында қойылды. Бірқатар пьесаларды қазақ тіліне тәржімалады.
«Құрмет Белгісі» орденімен, көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Құрмет грамоталарымен марапатталған.

   
Бейсенова Шарбану

Бейсенова Шәрбану
Шәрбану Бейсенова – жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
1947 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданында Талапкер ауылында туған. Ауылдағы жетіжылдық мектептен соң Өскемендегі Жамбыл атындағы мектеп интернатта  оқып, күміс медальмен бітірген. 1965 жылы қазақ мемлекеттік ұлттық университетіне түсіп, 1969 жылы оны ойдағыдай аяқтаған.
Шығармашылыққа жастайынан ден қойған. Алғашқы тырнақалды әңгімелері облыстық «Дидар» газетінде, «Қазақстан әйелдері» журналында тұрақты жарияланып тұрды.
1980 жылы «Қазақстан әйелдері» журналына бөлім меңгерушісі болып ауысып, ұзақ жыл істеді. Журналистика саласындағы жемісті еңбегі үшін 1985 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. 1998-2005 жылдары Мәдениет Министірлігінің баспа және полиграфия істері жөніндегі департаментінде мемлекеттік қызметте болды.
Шәрбану Бейсенова Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, проза саласында қалам тартып жүрген санаулы әйел жазушылардың бірі. Әдеби псевдонимі – Ш. Ұланова.
Шығармалары: «Тойға келген келіншек», 1980 жыл - «Жалын», «Қызғалдақтар», «Зағипа», «Жазушы», «Қазақ ауылы», «Темірқазық», «Елорда», «Нарық нақыштары», «Мизамшуақ», «Топжарған қыздар», «Сүзгенің соңғы күндері» , «Тағылымды тағдырлар». Г. Х. Андерснің  ертектері , Жоржи Амаду «Капитаны песчанного побережья» романы және басқалар әңгімелер аударды.
Қазіргі таңда Шәрбану Бейсенова Астана қаласында тұрады, жеке шығармашылықпен айналысады.

   
Амирова Тоты

Амирова Тоты
Амирова Тоты 1969 жылы мамырдың 2 жұлдызында Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Бестерек ауылында дүниеге келген.
«Боинг» жолаушы авиалайнердің ТМД елдері бойынша жалғыз пилот әйел. Екі жоғары білімі бар: авиаинженер-пилот және авиаэкономист. Шетелдік авиақұрамын дайындау курсын бітірген. Жұмыс тәжірибесін төрт Қазақстандық авиакомпаниясында шыңдаған: «Қазақстан әуе жолы», «Евро-Азия», «Эйр Астана», «Эйр Казахстан».
2007 жылы біздің жерлесіміз Тоты Амирова «Боинг-737», «New generation-700», «New generation-800» әуе кемелерінің «Эйр Астана» компаниясында ТМД бойынша алғаш әйел-капитаны болды.
Тоты деген есімі «Бақыт құсы» деген мағынаны білдіреді. 
2006 жылы 16 желтоқсаннан бастап Дубай қаласында кәсіби шеберлігін жоғарлату треннингтерін бастады.
Тоты Амированың Қазақстанда алғаш ұшырған ұшағы 2007 жылы 7 ақпанда 17 сағат 20 минутта Алматыға қонды. 

   
Аманжолов Алтай

Аманжолов Алтай
Алтай Аманжолов, Ұлан ауданының шыққан атақты қазақ тілі танушы –тюрколог Сәрсен Аманжоловтың ұлы 1934 жылы 2 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі Аманжолов Сәрсен Аманжолович (1903-1958) филология ғылымының докторы, профессор, қазақ және түрік тілінің атақты маманы болған. 1952 жылы Алматы қаласының № 33 орыс орта мектебінің алтын медальмен бітіргеннен кейін филология факультетінің шығыстану бөліміне түседі. А. Аманжолов 1957 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің (ММУ-нің шығыс тілдері институттың) түрік филология мамандығы бойынша бітіріп, осы жерге аспирантураға түседі. 1963 жылы «Ежелгі түрік жазбаларының ескерткіштеріндегі баяндауыштың басқаруы» тақырыбы бойынша кандидатық диссертация қорғады. 1957-1960 жылдары және 1964 жылы Қазақстан ССР-нің ғылыми академиясында кіші ғылыми қызметші болып жұмыс істеді. 1966 жылдың маусымында Қазақстан ССР-нің жоғары және орта арнаулы білім Министрлігі Қазақстандық мемлекеттік әйелдер институтының қазақ тілі кафедрасына жіберіледі. Осы институтта аға оқутышысы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі болып 1979 жылға дейін қызмет атқарады.
А.С. Аманжолов – Аль-Фараби атындағы Қазақстан ұлттық университетінің профессоры, 1979-1995 жылдары жалпы тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, 1995 жылдың сәуір айынан бастап осы уақытқа дейін жалпы тіл білімі кафедрасының профессоры. А.С. Аманжолов – ірі тілші, түрік тілдерінің салыстармалы тарихи грамматикасының, ежелгі түрік жазбасы тарихының маңайындағы білгір маман. Түрік филологиясы және тіл білімі бойынша екі жүзден астам еңбектері жарияланған. Соның ішінде, 5 монография орыс және қазақ тілінде, бірнеше еңбектері шетелде ағылшын және түрік тілінде жарияланған. Негізгі еңбектері: «Ежелгі түрік жазбаларының ескерткіштеріндегі баяндауыштың басқаруы». 1969 жылы «Ежелгі түрік жазбаларының ескерткіштеріндегі баяндауыштың басқаруы» атты монографиясын мамандар өте жоғары бағалаған. А.С. Аманжоловтың  1975 жылы қорғаған «Ежелгі түрік жазбаларының зерттеулерімен материалдары» атты докторлық диссертациясы  іргелі  ғылыми  еңбеқ, көп  жылғы  ізденесінің  нәтижесі. 1980 жылы Лениградтық мемлекеттік университетінде жалпы тіл білімі мамандығы бойынша ФПК-сын бітіреді. Қытай мемлекетінің Пекин университетінде ғылыми сынақтан өтеді. 1988 жылы Пекинде басылып шыққан «Бабалар сөзі» атты кітабы (қазақ тілінде) ежелгі түрік жазбасын зерттеуге арналған.
1993-1994 оқу жылдарында ғылыми іс сапарымен Түркияға Трабзон қаласындағы Черномор техникалық университетінде қазіргі қазақ тілі және түрік тілінің салыстырмалы грамматикасы бойынша дәріс оқиды. 1994 жылы Трабзон қаласында түрік және қазақ тілінде «Жалпы асыл мұра» атты кітабы басылып шықты. Халықаралық ғылыми конференцияларда баяндама оқыған, 16 филология ғылымының кандидаттарын дайындаған. 1978 жылынан бастап профессор, 1990 жылынан бастап Қазақстанның мәдени және тарихи ескерткештерді қорғау қоғамының құрметті мүшесі, 1995 жылдан бастап ғылыми академиясының нақты мүшесі (академик). 1988 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 1999 жылы «Құрмет» орденімен, 2000 жылы Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының халықаралық премиясымен марапатталған.

   
Кенес Слямханулы Юсуп

Кеңес Сілямханұлы Юсуп (Түсіп)
Жазушы, аудармашы, Қазақстанның еңбегі сінген қайраткері
Кеңес Сілямханұлы Юсуп (Түсіп) 1941 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Баймұра ауылында дүниеге келген.Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектебін 1958 жылы бітіргеннен кейін, Семей қаласындағы өзеншіл училищесін тамамдап, Жоғарғы Ертіс кеме шаруашылығында еңбек етеді. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Шығыс қазақстан облыстық  «Коммунизм туы» газетінде әдеби қызметкер , бөлім меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, «Қазақстан коммунисі», «Жұлдыз» журналдарының бөлім меңгерушісі болып істейді. Мемлекеттік басқару органдарында жауапты қызметтер атқарады. Қазақстан Республикасының Президенті Баспасөз қызметінің бас сарапшысы болған.

Шығармалары:
«Жалын» баспасынан «Ақиқат сапар» (1997), «Охопка полевых цветов» (1983) повестерімен әңгімелерінің жинақтары, «Қарашадағы көктем» (1981), «Желқайық» кітабы  (2000) т.б.сонымен қатар оның терминология, қазақ тілінде іс жүргізу мәселелеріне арналған «Құжат тілі» кітабы 2011 жылы Павлодар облыстық «Алтын тіл» бағдарламасының аясында жарық көріп, «Жалын» баспасы ұйымдастырған жабық бәйгенің екінші жүлдесін алды.

Парақтар өзгертілді: 22-08-2017
Сайт әкімшісі
Тороханова Арай Амамбаевна
Телефон: 8 (72338) 27-196
e-mail: a.torokhanova@akimvko.gov.kz

Кенсе бөлімінің тел.: 8 (72338) 27-617
e-mail: kense_ulan@akimvko.gov.kz

071600 ШҚО, Ұлан ауданы,
Қасым Қайсенов кенті, Абай алаңы 5
Copyright © 2009-2017